The book “the phenomenon of director Mambetov”
«Режиссер Мәмбетов феномені» кітабы 2-рет толықтырылып оқырманға жол тартты
Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайының бір бөлімі болып табылатын кезінде Ахмет Жұбановтың үйі болған, бүгінде сол кісінің мұражайына айналған пәтерде қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық қойылымдарының тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі Әзiрбайжан Мәдиұлы Мәмбетов туралы жазылған «Режиссер Мәмбетов феномені» атты кітаптың тұсаукесері болып өтті.
Кітап авторы ҚР ҰҚК Шекара академиясы 5-арнайы кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Молтобарова Күмісбала Ищанқызы.
Шараға Шекара академиясы бастығының орынбасары – тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы полковник А.Алиев пен оның орынбасары полковник Д.Белгожаев және аталмыш кафедраның оқытушылары, ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті бастығының орынбасары А.Өмірбекова, мәдениеттану және дінтану кафедрасының бастығы, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Курманалиева, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, театр суретшісі Е.Туяков, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Е.Жуасбек, М.Әуезов мұражайының жетекшісі Н.Самабекқызы, Ахмет пен Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерделеу жөніндегі мемориалдық мұражайдың жетекшісі Адай Әзірбайжанұлы Мәмбетов, К.Мамбетова, А.Мамбетова ,Л. Сагнаева, Д.Салимбаев, С.Ниеталиев қатысты.
«Бұл кісі жайлы кітап жазу жұмысы 2007 жылдары басталған. Жазуға, деректерді тексеруге, сұхбат алуға төрт жыл уақыт кетті. Бұл мен үшін ерекше кітап болды. Айта кету керек, 2012 жылы Әзірбайжан Мәдиұлының 80 жылдығына орай еліміздің Орал қаласында үлкен халықаралық шара өткізілді. Бұл кісі жайлы жазған алғашқы еңбегіммен оқырман қауым сол кезде танысты. Кейіннен ол кісінің әкесіне байланысты тың деректер шыққан соң, кітапты қайта өңдеп толықтырып, екінші рет жазып шығуға тура келді. Әзірбайжан Мәдиұлының өмірбаянын қазақ мәдениеті арқылы көрсетуге тырыстым.Тұлғалық және шығармашылық феноменін мәдени философиялық зерделеу арқылы талдай отырып, оның өмірін негізге алдым. Оның қалай дүниеге келгенін, отбасы, екінші дүниежүзілік соғыстан қалай аман-есен оралғаны, әкесі Мәди туралы тың деректерді нақты дәлелдермен дәйектерге сүйене отырып келтірдім. Өзінің балалар үйіне қалай тап болғанын, хореографиялық училищесіндегі кезі және қалай режиссер болуға шешім қабылдағанын жаздым», – дейді жазушы.
Оның айтуынша, Әзірбайжан Мәмбетовтің өнерге деген құштарлығы 12 жасында оянған. Ол Шәкен Аймановтың «Алтын мүйіз» фильмінде ойнаған. «Осы картинадан кейін ол режиссер боламын деп шешеді. Оның арманы орындалды. Ол – алдына үлкен мақсат қойған адам. Жетім бала өмірінің соңында «Халық қаһарманы» атанады, бұл – ең жоғарғы марапат. Ол халқының сүйіспеншілігіне бөлене білді. Адамдардың ол кісіні қалай құрметтейтінін өз көзіммен көргенмін. Тірі болса, көптеген шедевр жасайтын еді. Екінші рет толықтырылып тың деректер қосылған бұл кітаптың қайта басылуына, Шекара академиясының басшылығы қолдау білдірді.», – деп атап өтті автор бізге берген сұхбатында.
Шара барысында режиссердің туыстары сөз сөйлеп, авторға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, театр суретшісі Есенгелді Жұмағұлұлы Ә.Мәмбетовтың сахналық қойылымдарының бірі туралы арнайы салған суретін салтанатты түрде табыс етті.
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының
баспасөз хатшысы