Шығыстың ұлы ойшылы

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алтаев Жақыпбек Алтайұлының “Әл-Фараби-Шығыстың ұлы ойшылы” атты еңбегі болгар тіліне аударылып, жарық көрді.

Монография әлемдік мәдениет пен өркениетте елеулі із қалдырған Екінші Ұстаз және мұсылман Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылық мұрасына арналған. Кітапта әл-Фарабидің шығармашылығын отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу панорамасы ұсынылған; әл-Фараби философиясының ерекшеліктері, ежелгі ойшылдардан да, оның замандастарынан да айырмашылығы көрсетілген. Көрнекті ойшылдың онтологиялық, эпистемологиялық, әлеуметтік-саяси, этикалық және антропологиялық көзқарастары егжей-тегжейлі қарастырылады. Әл-Фараби дін философиясы мен метафилософиясы назар аударарлық. Әл-Фарабидің Қазақстан философиясындағы идеяларын зерттеу ерекше қызығушылық тудырады. Кітап әл-Фараби мұрасына қызығатын оқырмандардың кең ауқымына арналған.