Әл-Фараби орталығының директоры Сүлейменов П.М ғылыми іс-сапармен «Янги Ахси» паркінде болды

2025 жылдың мамыр айында әл-Фараби орталығының директоры П.М. Сүлейменов ғылыми іссапармен «Янги Ахси» паркінде болды. Іссапар барысында музей кешенінің директоры Анвар Икромовпен кездесіп, табылған қолжазбалармен айналысатын мамандар шеңберін анықтау (қолжазбалардың әл-Фарабиге тиесілі екенін растау) және қолжазбаны зерттеу мен аударуға арналған бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізілді.

Парк аумағында орналасқан «Янги Ахси» музей кешені XI–XIV ғасырларға жататын он бірегей экспонатпен толықты. Олардың қатарында бактриялық және қытайлық монеталар, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің қаламына тиесілі көне қолжазбалар бар, деп хабарлайды облыстық хокимият. Қазіргі уақытта барлық экспонаттар «Янги Ахси» тарихи-археологиялық кешенінде сақтаулы. Бұл туралы кешеннің жетекшісі, Наманган облысы хокимиятының медиа департаментінің директоры Анвар Икромов мәлімдеді.

Наманган қаласындағы «Янги Ахси» музейінің коллекциясында ерекше орын алатын жәдігерлердің бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің қолжазбасы және ғылымға, философия мен тарихқа арналған үш томдық еңбек.

Сонымен қатар, Наманганда табылған XI ғасырға жататын қылыш ерекше қызығушылық тудырады. Сарапшылардың пікірінше, ол шайқастарда қолданылған және жақсы сақталған. Қылыш Ахсикентте жасалған – болат өңдеу орталығы ретінде танымал бұл қала әлі күнге дейін зерттеушілер үшін құпия болып отыр. Музей қорында сондай-ақ Әмір Темір жауынгерлері қолданған деп болжанатын XIV ғасырдағы қару да бар.

Басқа табылған жәдігерлердің қатарында б.з. 475–600 жылдарына жататын бактриялық монета және XIX ғасырдағы қытайлық монета бар. Соңғысын тарихшы Шерали Колдошев жан-жақты зерттеген.