Стамбул университетіндегі әл-Фараби орталығы филиалы аясында халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңеюде

Стамбул университетіндегі әл-Фараби орталығының филиалы базасында халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының профессоры Ғабитов Тұрсын Хафизұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, “Әл-Фараби” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сүлейменов Пірімбек Мұханбетұлы арнайы іс-сапарында аталған филиалдың жетекшісі – белгілі түрік ғалымы Абдулла Қызылжықпен кездесті. Кездесу барысында әл-Фараби мұрасын заманауи гуманитарлық ғылым тұрғысынан зерттеуге бағытталған ортақ ғылыми зерттеулердің стратегиялық бағдары бекітілді. Ынтымақтастық аясында бірқатар маңызды ғылыми бастамалар жоспарлануда. Атап айтқанда, Scopus дерекқорына енгізілетін халықаралық әл-Фараби мұраларына негізделген ғылыми журналды дайындау, сондай-ақ әл- Фараби мұрасына арналған халықаралық Конгресс пен ғылыми конференциялар өткізу көзделіп отыр. Бұл бастамалар Фарабитануды әлемдік академиялық кеңістікке жүйелі түрде интеграциялауға мүмкіндік береді. Жобаның ерекше ғылыми маңыздылығы – бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген, аударылмаған әл-Фарабидің екі жаңа трактатын зерттеу және ғылыми түсініктемемен жариялау болып табылады. Бұл еңбектер ойшылдың дүниетанымдық, діни және саяси көзқарастарын жаңаша пайымдауға жол ашады. Аталған зерттеулер AP26199967 нөмірлі «Әбу Насыр әл- Фарабидің діни-саяси көзқарастарын зерттеудің заманауи парадигмасы («Китәб әл-Миллә», «Әл-Илм әл-Илаһи» трактаттарының қолжазбалары негізінде)» атты фундаменталды ғылыми жоба шеңберінде жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – әл-Фарабидің діни-философиялық және саяси ілімін қолжазбалық деректер негізінде кешенді түрде талдап, оның идеяларын қазіргі заманғы философиялық, саяси және мәдени дискурстармен сабақтастыра зерделеу. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланып, әл-Фараби мұрасын жаһандық деңгейде танытуға бағытталады.