Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығындағы (IRCICA) ресми кездесу: әл-Фараби мұрасын зерттеу бағытындағы халықаралық ынтымақтастық

Стамбул қаласына жасалған жұмыс сапары аясында қазақстандық ғылыми делегацияны Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) бас директоры, профессор Махмуд Ерол Кылыч жоғары деңгейде қабылдады. Кездесу өзара ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және әл- Фараби мұрасын халықаралық деңгейде зерделеуге бағытталған мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Аталған ресми кездесуге Prof. Dr. Ashirbek Muminov, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) Бас директорының халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі (Advisor to the IRCICA Director General on International Relations), сондай-ақ Prof. Dr. Cengiz Tomar қатысты. Қазақстандық тараптан кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасының профессоры Ғабитов Тұрсын Хафизұлы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, “Әл-Фараби” ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сүлейменов Пірімбек Мұханбетұлы қатысты. Кездесу барысында бұған дейін жүзеге асырылған бірлескен ғылыми жобалардың нәтижелері талданып, өткен жолғы жоба аясында басталған ғылыми байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, әл-Фарабидің философиялық және діни-саяси мұрасын қолжазбалық деректер негізінде зерттеу, бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген трактаттарды аудару және ғылыми түсініктемелермен жариялау бағыттары сөз болды. Сонымен қатар, аталған орталықтың қорларында сақталған қолжазбалармен бірлескен зерттеу жүргізу, халықаралық ғылыми басылымдарға материалдар дайындау, сондай-ақ әл- Фараби мұрасына арналған конгресс пен ғылыми конференциялар ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл бастамалардың қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Әбу Насыр әл-Фарабидің діни-саяси көзқарастарын зерттеудің заманауи парадигмасы («Китәб әл-Миллә», «Әл-Илм әл- Илаһи» трактаттарының қолжазбалары негізінде)» атты фундаменталды ғылыми жобаның мақсаттарымен толық үндес келетіні атап өтілді.