“БОЛМЫС СТРАТЕГИЯЛАРЫ” ЖӘНЕ “ҚҰҚЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫ МЕН ЭТИКАСЫ” АТТЫ ЕҢБЕК ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
Философия кафедрасының профессоры Тұрсын Ғабитов пен қауымдастырылған профессор Пірімбек Сүлейменовтың «Болмыс стратегиялары» және «Құқық философиясы мен этикасы» атты еңбектері оқырманға жол тартты. «Болмыс стратегиялары» монографиясы онтологияның теориялық қағидалары әлемдік және отандық руханият пен өркениет үлгілерінің мәнмәтінінде қарастырылады. Бұл монографияда нақтылы бір идея және мақсатпен біріктірілген мәтіндер жүйесі болып табылады. Жеке тақырыптар авторлық тұғырнамада келтірілген мәселелер қазақстандық білім беру дискурсының сұранымына жауап ретінде бүгінгі қоғамның талаптарына сай орындалған. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының дүниетанымдық парадигмасы арнасында кейбір ескі үлгідегі онтологияға тән тарихи- философиялық үдерісті түсіндіруде көнерген маркстік штамптардан арылуға талпыныс жасалған. Монография бакалавриат, магистрант, докторанттар мен оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге және философия мәселелері қызықтыратын оқырманға арналған. «Құқық философиясы мен этикасы» оқу құралында құқық мәдениеті құндылықтарының қалыптасуы мен дамуы ізгілік қағидаты тұрғысынан талданады. Құқықтық-моральдық сананың дүниетанымдық негіздері, оның мәні мен мазмұны танымның теориялық деңгейінде пайымдалады. Кітапты төлтума мәдениет пен рухани дербестікті жаңғырту жағдайындағы қазақтың әдептік-құқықтық құндылықтарын насихаттауға, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын игеруге және өскелең ұрпаққа ізгілік пен антикоррупциялық тәрбие беруге өзіндік септігін тигізе алады. Сондай-ақ жұмыста ұсынылған авторлардың әрбір қағидаларын, ой- пікірлерін, нәтижелері мен тұжырымдарын құқықтану мен мәдениеттану, этика пәндерінде, сол сияқты құқыққорғау пәндік саласындағы арнаулы курстарда пайдалануға болады. Сондай-ақ, философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Пірімбек Сүлейменовпен бірге Ы.Палтөре, А.Мустафаеваның бірлесіп жазған «Екінші ұтсаз Әбу Насыр әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы» атты монографиясы да жарық көрді. Бұл ұжымдық монография Әбу Насыр әл-Фарабидің трактаттарындағы педогогикалық теориялар орта ғасырдағы Араб халифаты тұсындағы ислам мәдениеті мен дүниетанымы аясында дамығын ғылыми-білім дәстүрімен, сондай-ақ көне грек философтарының идеяларымен өзара сабақтастықта қарастырылып, қазіргі білім беру жүйесіндегі талқыға түседі. Әл- Фарабидің білім беру, оқыту және тәрбие беру әдіснамасына қатысты айтқан ой-пікірлеріне, тұжырымдамаларына ғылыми талдау жасалады. Кітап кәсіби мамандарға, әл-Фараби мұрасын зерттеушілерге, ізденімпаз оқырман қауымға арналады.




