Тарих

1993 жылдың 1 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.

Орталықты – Қазақ философиясының тарихын, Шығыс философиясын, әл-Фараби шығармашылығын зерттеу бойынша жұмыстары бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық ғалым философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА ҚР корреспондент-мүшесі А. Х. Қасымжанов басқарды.

Орталық құрылғаннан бастап Фарабитану мен жалпы Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Әл-Фараби мұрасын қазақстандық рухани мәдениеттің дамуын түсіну тұрғысынан зерттеу қазіргі уақытта да өте өзекті.

Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының миссиясы – әл-Фараби мұрасын зерттеу және насихаттау негізінде дүниетанымның интегралды құндылықтарын сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде ұлттық ғылыми білім беру және инновациялық кластерін қалыптастыру.