әл-Фараби билік философиясы (жалғасы) — Алтаев Ж.А.

ӘЛ-ФАРАБИ БИЛІК ФИЛОСОФИЯСЫ

 

(Жалғасы)

 

  Әл-Фараби ілімі бойынша надан қаланың ең нашар түрі деп билікқұмар қаланы санайды.

  Философ ұжымдық қаланы кейде еркін қала деп атайды. Ол барлық қалалардың ерекшеліктерін біріктіреді: ұждансыздық (төмендік) пен асқақтықты  үйлестіре біледі. Сонымен қатар, Әл-Фараби қоғамдық өмірдің тұтастығына баса назар аудара келе, аталған қалалардың үлгілері таза түрде кездеспейді дейді. Бұл шындық және бұл жерде әл-Фараби нәсілшілдік пен нацизмның көріністерін тудыратын кез келген тұжырымдамалардан жоғары тұр.

  Қаланың халқы бес санаттан тұрады: 1) ең лайықтылар; 2) шешендер — ғылым, өнер және рухани қызметпен айналысатын адамдар; 3) өлшегіштер (шенділер және техникалық қызметкерлер); 4) жауынгерлер; 5) байлар. Кейбір пайымдауларға сәйкес, Фарабидің қайырымды қаласының прототипі Оңтүстік Арабияда, Бахрейнде ІХ-ХІ ғғ. шынында болған қала. Шын мәнінде, бұл қала «идеал қала» сұлбасы бойынша емес, өз заманының ережелеріне сай жасалған болып шыққан.

  Ал теориялық прототип ретінде әл-Фараби қаласына «түпнұсқа» мен «прототипі» арасында белгілі айырмашылықтары болса да, антикалық заманның әлеуметтік утопиясы – «платондық мемлекетті» алған. Платон сияқты, әл-Фараби де адамдарды әлеуметтік-пайдалы қызметтеріне сай бөледі. Бірақ мұндай бөлу адамдар арасында айқын теңсіздік әсерін тудырмайды, олардың барлығын ортақ мақсат – атқаратың лауазымдарына қарамастан, өзін-өзі жетілдіру арқылы бақытқа жету біріктіреді.

  Платон билеушілерді, философтарды және аздаған дәрежеде қорғаншы сарбаздарды кемелділік қабілетке ие етеді, ал қалғандарына олардың  бағынышты құралы болуы, оларға және өздері үшін материалдық игілікті жасау, сондай-ақ, біріншілерге сырттай қарап тамашалау  қызметімен айналысу мүмкіндігін береді.

  Әл-Фарабидің гносеологиялық оптимизмі оның ілімінде әлемді түсіну қабілеттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділіктің шаттанған жай-күймен біріктірілуінде жатыр: адамның ғарыштық мақсаты бар және адам бақытты болуға тиіс. Бұл жерде Эпикур және Спинозамен еріксіз параллельдер анықталады. Эпикур сияқты, әл-Фараби де философия бақытқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады, өйткені ол болмыстың ішкі заңдарына еніп, оларға сәйкес өмір сүруге мүмкіндік береді деп санайды.

  Осыған байланысты Сократтың максимализмінен шығатын этикалық интеллектуализм туралы айтады: бір нәрсені терең біле тұра осы білімге қайшы әрекет жасауға болмайды. Әл-Фараби білімді  кітаби түрде, дерексіз, адамға қандай да бір қосымша ретінде түсіндірмейді. Бұл адамның етіне енетін нәрсе. Философ деп Аристотельдің барлық шығармаларын толығымен оқыған, жаттап, бірақ олардың мағынасын жанымен түсіне алмаған адамды емес, Аристотельді оқымаса да, ақылға қонымды және қайырымды әрекет жасайтын жанды санау керек дейді.

  Ойшыл көзқарасы теологиямен соншалықты лайланбаған және таза, ал стилі кейде кекесінді, тіпті зәрлі, таң қалдырмай қоймайды. Әл-Фараби көптеген адамдардың ішкі мағынасыздығын және жануарлық эгоизмін жасыру үшін білімді пайдаланудағы екіжүзділігін көріп, әшкерелейді.

   Әл-Фараби ұстаз бен жанұя басшысын билеушімен салыстырады, бірақ ол азаматтарды тәрбиелеуде әлеуметтік, саяси тұстың, яғни күштеу, қарулы күш, сот және т.б. арқылы әлеуметтік нормаларды орындауға мәжбүрлеу болатынын түсінеді.

   «Қалалық бірлестіктің негізгі мүшесінің» мінсіздігі тақырыбы – әл-Фараби шығармашылығындағы рефрен. Әл-Фарабидің «қайырымды» мемлекет-қаласы – адамның ең жоғары игілікке және лайықты өмір салтына жеткізе алатын ең жақсы және табиғи қарым-қатынас үлгісі. Мұндай қаланың басты белгілері – тәртіп пен оның тұрғындарының, ең алдымен, билеушілерінің жоғары моральдық қасиеттері.

  Осындай қаланың билеушісіне сәйкес келуі талап етілетін шарттардың барлығы дерлік исламдық қауымдастыққа қатысы бар екендігін атап  кеткен жөн. Зерттеудің нысаны мен мақсатының түпкі ортақтығын негізге ала отырып, әл-Фараби саясатты мұсылмандық құқықтық доктринамен және діни канондармен бір қатарға қойды.  Бұдан саясаттың грек философиясы мен мұсылман моралін, дінін және құқықтық теориясын саясат туралы бір жалпы теорияға біріктіру әрекетін көруге болады.

  Саясатқа мұсылман діни көзқарасы мен мораль тұрғысынан қарау, билікке талдау жасау — бұл ислам философиясын сол кездегі мемлекет — Араб халифатын ислам құқығымен бірлесе отырып зерттеуін жақындатты. Дегенмен, әл-Фарабидің өзі философияны білімнің шыңы деп санап, ғылымды діннен жоғары қойған.

 Әртүрлі дәуірлердің ойшылдары саяси қайраткердің тұлғасына, оның моральдық және басқа да ерекшеліктеріне қызығушылық танытқан. Әрбір нақты қоғамға қандай да бір ұсыныстарды шығару үшін жалпы Шығыстағы мемлекеттік биліктің ерекшеліктерін білу керек. Әл-Фарабидің айтуынша,  қайырымды мемлекетте заң шығарушы әкім немесе имам, рухани ұстаз зайырлық билік пен рухани билікті біріктіреді, философ-әкім бірінші билеушінің қасиеттерін біріктіреді: ол теорияға ие және оны іс жүзінде қолдануға қабілетті. Және бұл – Ұлы дала халқының далалық дүние тануына үстемеленген пайғамбардың ілімімен бірге қабылдаған шығыс дүниетанымының квинтэссенциясы. Бұл – көптеген көрнекті антропологтар, әлеуметтанушылар, этнологтар және саясаткерлер өз еңбектерін арнаған үлкен теориялық дилемма.

Асылында (идеалында), қайырымды қала, Әл-Фарабидің пайымдауынша, исламның мінсіз ережелерін сақтай отырып, тұрғындарының рухани тазалығы мен парасаттылығы, тәрбиенің «ізгілікті» идеялары негізінде құрылып өмір сүре алады. Бүгінгі геосаясат жағдайында аталған идеялар кейде жай утопиялық деп қана емес, тіпті кейде ислами фанатизмнің рухани нұсқауы ретінде түсіндіріледі. Осылайша, арам ниетті тәржімалашыларға радикализмге көпір салуы қиын емес, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында ондай жасалынып та жатыр.

Әл-Фараби және көптеген басқа да реформатор-ағартушылар сияқты ойшылдар энциклопедиялық білімдері мен мүмкіндіктеріне қарай, тіпті көзқарастарының кей тұстары идеалистік болып көрінсе де, қоғамдастықтарға өмірді ақылға қонымды негізде қалай ұйымдастыруға болатынын  көрсетуге тырысқан. Арман да утопия сияқты адамға қалауының/болашақтың бейнесін, импульсін, үмітін береді. Бұл – адам ұмтылатын мақсат.

Бұл армандар мен утопиялардың негізі ақылға қонымды идеялар ретінде ешқашан жүзеге асырылмайды деген сөз емес. Әрбір азамат, қоғамның саналы және қабілетті мүшесі саналы шешім қабылдауға құқылы. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы әлемнің зияткерлік қазынасынан өзіне ең үздікті мұра етіп, оны жаңа тұжырымдамалық негіз бен әдіснама арқылы дамытуға, дәстүрлерді қорғауға тиіс.

Әл-Фараби «Азаматтық саясатта» адам қоғамдарын талдауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде…» ол мұны ең кішкене ұядан отбасынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлекке — ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ каланың бір бөлшегі болғандыктан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің кала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.

Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандықка айналдырады.

Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше, философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал Әл-Фараби, керісінше, тіршлік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада Әл-Фараби дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше, дін-философияның ұқсасы: екеуі де жоғары принциптерге бар заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Фараби мемлекетті философтар басқару керек дейді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.

Имам — ең жоғары дәрежеде теориялық білімі және ойшылдық қайырымдылықтары бар адам, мұның өзі оған адамдарға акылшы, жетекші болып, оларды бақытка жетуге бағытталып отыруға құқық береді.

Сонымен, «философ», «заң шығарушы», «имам» және «бірінші басшы» ұғымдары бір нәрсеге келіп қосылады. Олар бір мақсатқа қызмет етеді, бірақ бұл мақсатты әртүрлі әдістермен жүзеге асырады. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама. Міне, көріп отырсыздар Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастарынан бүгінгі қоғамның көріністерінен пайдалы тиесілі үндестік табамыз. Адам, мемлекет, ел басқару жөніндегі Фарабидің өз заманында айтылған құнды пікірлерінің қазіргі таңда да қаншалықты маңызы барлығына көз жеткізіп отырмыз.

Жақыпбек Алтаев

философия ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

философия кафедрасының профессоры

әл-Фараби орталығының директоры