әл-Фараби билік философиясы — Алтаев Ж.А.
ӘЛ-ФАРАБИ БИЛІК ФИЛОСОФИЯСЫ
Әлемдік мәдениет пен өркениетте елеулі із қалдырған ортағасырлық исламдық Ренессанс дәуірінің ұлы ғалымы, «Екінші Ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің дана ой маржандары (геммалары) өз өзектілігін жоғалтқан емес. Энциклопедист ғалым ретінде Тұраннан шыққан біртуар ғұлама өз идеяларымен дүниежүзілік философияны, этиканы, логиканы, музыка теориясын математиканы, дін, мемлекет және құқық теориясын байытты.
Белгілі фарабитанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ЖҒА академигі А.Х. Қасымжанов (1931-2000 жж.): «Әл-Фараби біз үшін ең алдымен …адам өмірі идеалының өнегелік анықтамасының іргетасына бір түйіршік өзіндік негіздемесін енгізгендігімен қымбат. Адамның кемелденуге қол жеткізуіне ықпал етуге деген ұмтылыс ойшылдың бүкіл мұрасының өзегінен өтеді. Сондықтан біз бұл мұраны ескірген деп қабылдай алмаймыз», — деп орынды атап өткен болатын.
Фарабитануға деген қызығушылық бүгінгі күнге дейін алыс шет елдерде де сарқылмай отыр: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылар делегациясы Мысыр университеттеріне, оның ішінде атақты әл-Азхар мен Мысыр университетіне барып қайтты. Шығыстанушылардың үлкен қуанышына орай олар Ніл өзенінің жағалауынан құнды сыйлықтар әкелді, атап айтқанда: әл-Фараби туралы зерттеулердің каталогтары мен электронды көшірмелері. Қазіргі уақытта көпшілігі арабтың өрме жазуымен жазылған дереккөздерді жүйелендіру үдерісі жүріп жатыр.
Антикалық және ортағасырлық философтардың көптеген қағидалары қазір саясаттану бойынша оқулық ретінде оқылады, әрине, цифрлық заман түзетулерімен. Саясат – кішігірім цензі бар және барлық азаматтардың мүддесі үшін мемлекет басқаратын «орташа» адамдардың көпшілігінің қолындағы билік. Толық азаматтардың санынан Аристотель, мысалы, кәсіпшілер мен саудагерлерді алып тастайды, өйткені ол адамдардың өмір салты ізгілікті дамытуға ықпал етпейді, ал бақытты өмір деп адамгершілікке сай өмір сүру саналады. Жерге иелік етуді ұйымдастыру, оның пікірінше, азаматтарға өз меншігін басқа азаматтарға пайдалануға ұсынуды қамтамасыз етуі тиіс.
Мінсіз жабық мемлекеттің қатаң үлгісін құрастырған Платон да, мемлекет құрылуы мен адам жетілуінің мәселелерін нақты және практикалық тұрғыдан қарастыратын Аристотель де Әбу Насыр әл-Фарабиді қызықтырып, бұл ойшылдардың идеяларын талдауға арналған материал ретінде ғана емес, сонымен қатар қайырымды қаланың өз тұжырымдамасын құру үшін пайдаланды. Макиавеллидің танымал жұмыстары еуропалық қоғамдастықтардың тағдыры туралы дискурстарға негізделген сияқты Ұлы Даланың тумасы Әл-Фарабидің ілімі де Азиядағы саясаттың дамуының заманауи трендтерін біліп тануда көпір болып табылады. Әл-Фарабидің Кеңес дәуірінде аударылған еңбектері, сөзсіз, мұқият тексерілуі керек, себебі ойшыл халифатта өмір сүріп, ислам дінін ұстанды. Мәселен, егер Фараби қайырымды қала-мемлекеттің билеушісі бір уақытта имам да болуы керек деп жазса, бұл сөзбе-сөз қабылданбауы керек. Бұл жерде билеушінің бойында үйлесімді болуға тиіс ниетінің, жаны мен тәнінің тазалығы туралы айтылады.
Әл-Фарабидің даңқы мұсылман әлемінде және одан тыс жерлерде кеңінен танымал болған «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері» атты еңбектерімен шыққаны белгілі.
Қызметінің сириялық кезеңінде ол өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатта» жүйеледі. Әл-Фарабидің қайырымды қала туралы ілімі платонизм ұстанымдарында құрылған. Сол заманның басқа да ерекше идеялары сияқты әл-Фарабидің саяси тұжырымдамалары ислам халифатының болмыс-шындықтарын басшылыққа алатын қолданыстағы теориялық канондарға онша сәйкес келмеді. Аристотельдің пікірінше, «дұрыс» мемлекеттік басқару түрлері — монархия, аристократия, саясат; дұрыс емес түрлері — тирания, олигархия, демократия. Монархия жалпының игілігін ойлайтын бір тұлғаның билігі болып табылады, ал тирания — өзінің пайдасын басшылық ететін бір тұлғаның билігі. Аристократия — бұл барлық азаматтардың мүдделеріне орай жүзеге асырылатын аз, бірақ ең игі жақсылардың билігі, ал, олигархия, керісінше, — өз пайдасын ойлайтын бірнеше ауқатты азаматтардың басқару үлгісі. Егер саясат белгілі бір ценз және жалпының игілігін ойлауы негізінде таңдалынған көпшіліктің билігі болса, онда демократия, Аристотельдің ойынша, — көпшіліктің, кедейдің, осы көпшіліктің мүддесінде билік етуі. Бұл тұста қоғамдық санаға жүгіну, сену деген ерекшелікті атап өту керек. Әл-Фарабидің «Азаматтық саясаты» Платонның ислам дүниетанымы аясындағы ойларын дамытып, пайымдайды, ал қоғам құрылымының әділеттілігін азаматтардың тәрбиесімен байланыстырады. Әл-Фараби: «Әр адам жаратылысы бойынша өзінің өмір сүруі және аса кемелдікке жетуі үшін жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын және мұқтаж заттар жиынтығынан бір-бірлеп жеткізіп отыратын белгілі бір адамдар қауымдастығына мұқтаж болады», — деп бекер айтпаған. Әл-Фарабидің қоғамның мінсіз үлгісінің тағы бір ерекшелігі — геосаяси астар. Ол, Аристотель сияқты, саясатты географиямен байланыстырып, оны табиғи-географиялық компонентті қана емес, сондай-ақ кеңістіктік-аумақтық факторларды да қамтитын аумақтық аспектімен толықтырады. Мысалы, әл-Фараби түсінігінде адамзат қоғамы бұл –«бір тұрғылықты жерде көптеген адамдардың бірігуі», бұл аталған факторлардың жиынтық әсерінің нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Қазіргі түсіндірмеде бұл постулатты ұлттық сәйкестендіру дегенге жатқызамыз. Халық дәстүрлері мен этиканы білу және құрметтеу болашақтағы дамудың стратегиясы мен басымдықтарын анықтауда маңызды. Әл-Фараби адамзатты бір-бірінен табиғи сипатымен, табиғи ерекшеліктерімен (мінезімен) және адам мінезіне негізделген, табиғи заттарға да қатысы бар тіл, сөйлеу сияқты сипатпен ерекшеленетін жекелеген халықтарға бөледі. Осылайша, Әл-Фараби этногенез негізіне табиғи-жаратылыс жағдайларын (халықтардың мінез-сипаты мен тілі) жатқызады, олар өз кезегінде географиялық факторлармен қалыптасады. Және бұған Орталық Азия мен іргелес аумақтардың, Оңтүстік Азия мен Қиыр Шығыстың тарихында із қалдырған бұрынғы әулеттердің шежіресін қарай отырып, келісуге тура келеді. Әл-Фараби қоғамдастықтар өмірінің функционалдық толықтығына назар аудара отырып, оларды нақты бөледі. Қалалық қауымдастықты («қала және қоғам») Фараби тұрғындар өздері анықтайтын келесі белгілерге сәйкес жіктеді:
‒ мақсаты «тіршілік ету және денені қорғау үшін барлық қажеттілікті табуда өзара көмектесу болып табылатын «қала мен қажеттілік қоғамы»;
— «қала мен алмасу қоғамы – ауқаттылық пен байлыққа қол жеткізуде бір-біріне көмектесетіндер (тұрғындар)»;
— «қала мен ұждансыздық қоғамы — тұрғындары сезімдік ләззат алуға бір-біріне көмектесетіндер …».
Әл-Фараби Аристотель сияқты үздік қала деп «ұжымдық қаланы», яғни әрбір тұрғыны қалағанын істеуге толықтай ерікті болатын қаланы санаған. Онда тұрғындардың еркі бойынша басқаратын билеушілерді тұрғындардың өзі сайлайды. Идеал қаланың утопия екендігі туралы пікірлер бар және осы мағынада әл-Фараби ілімінің ағылшын жазушысы және заңгері Томас Мордың «Утопия» және итальяндық философ, теолог және жазушы Томмасо Кампанелланың «Күн қаласы» деген кітаптарымен қатар ерекше орны бар.
Әл-Фарабидің философиясы басты мәселе — адам және оның проблемаларына баса назар аударады. Осыған сүйене отырып, Әл-Фараби қоғамды сапалы және сандық сипаттамаларға сәйкес бөледі: қала — кішігірім қоғам, қала – орташа қоғам, адамзат — үлкен қоғам; және толық емес — отбасы, ауыл, қалалық квартал. Адамдар қоғамының кемелге жетуі адамдардың өзара бірлесуі арқылы болады. Әл-Фараби қоғамының құрылымын Ғаламның құрылымы мен адамның биологиялық құрамдастарына ұқсатады. Билеушінің функциялары денені емдейтін дәрігерге ұқсас, тек билеуші тәнді емес, жанды емдейді. Әл-Фараби қажеттіліктер, жинақтар және еңбекті бөлу туралы жиі айтса да, оның қоғам – адамның рухани бірлестігі екендігі туралы ойы үйлесімді. Әл-Фарабидің саяси көзқарастары оның «қайырымды» және «надан» қалаларды келесідей жіктеуінен көрінеді: 1) қайырымды қала; 2) надан қала; 3) азғын қала; 4) адасқан қала (соңғы екеуінің арасында, ортасы ретінде «өзгергіш қала» аталады). Қайырымды қала – сөзсіз идеал. Надан қала – бұл шындық, бірақ, әл-Фарабидің пікірі бойынша, егер ағартумен, білім берумен айналысса, кемеңгер билеушіні тапса, жақсаруына үміт бар қала. Надан қалалардың арасында да әл-Фараби артық көретін қалалар бар, өйткені мұнда оларды ізгілік жолына түсіру мүмкіндіктері жоғалмаған: «… қайырымды қалалар мен қайырымды басшылардың қалыптасуы қажеттілік қалалары мен ұжымдық қалаларда мүмкін және оңай жүзеге асады». Философ қоғамдастықтардың жіктелуін жасаған кезде қиялы жақсы болған және өмірді жақсы білген. Надан қалада, әл-Фарабидің айтуынша, тұрғындар ешқашан жоғары рухани кемелдік саналатын бақытқа ұмтылмайды. Надан қаланың тұрғындары, мүмкін болатын барлық игіліктер ішінен тек үстіртін қарағанда ғана игілік болып көрінетін тән саулығын, байлықты, рахаттануды, құмарлыққа берілу еркін, сый-сияпат пен ұлықтауды біледі. Бұл игіліктердің әрқайсысы надан қаланың тұрғындары үшін бақыт болып көрінеді, ал ең үлкен бақыт — бұл барлық игіліктердің бірлесуінде. Бұған қарама-қарсы бақытсыздықтар жатады: дененің аурулары, кедейшілік, рахаттардың болмауы, өз құмарлықтарына берілудің және сый-сияпаттың болмауы.
Қажеттіліктер қаласында тұрғындар денеге тіршілік ету үшін қажет азық-түлік, сусын, киім, физиологиялық іс-әрекеттер сияқты нәрселермен және оған жету үшін бір-біріне көмек көрсетумен ғана шектеледі.
Алмасу қаласының тұрғындары ауқаттылық пен байлыққа жету үшін бір-біріне көмектесіп, соны өмірдің мақсаты санайды. Ұждансыздық пен бақытсыздық қаласында адамдар өздерінің сезімдері мен қиялдарына әсер ететін ләззаттарды ғана бағалайды, көңілді көтеруге тырысады және ойын-сауықтардың түр-түрін ермек етеді.Даңғой қаланың тұрғындары бір-біріне көмектеседі, бірақ тек құрметке бөлену үшін, оларды басқа халықтар біліп, мадақтап, сөзбен де, ісімен де даңқын арттыруы үшін, бір-бірінің алдында болсын, жұрттың алдында болсын, әйтеуір керемет болып көріну үшін. Билікқұмар қаланың тұрғындары өзгелерді бағындырып алуға ұмтылады, өздері ешкімге бағынғысы келмейді; олардың күш-жігері жеңіс сыйлайтын қуанышқа жетуге бағытталған.
Ләззатқұмар қалада тұрғындар әрқайсысы өз қалағанын ештеңемен тежемей істегенге ұмтылады.
Жалғасы бар
Жақыпбек Алтаев
философия ғылымдарының докторы, профессор
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
әл-Фараби орталығының директоры