Мұражайлар

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейі
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы 1967 ж. Оңт. Қазақстан облысы Отырар ауданы Темір станциясында ашылған. Алғашқыда мектеп мұражайы, 1973 жылдан бастап аудандық мұражай қызметін атқарса, 1979 ж. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы болып құрылды.

Мұражайдың негізгі мақсаты Отырар өңіріндегі археологиялық және архитектуралық ескерткіштерді қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыстармен айналысу. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайдың құрамына Отырар қ., Арыстан баб кесенесі және осы өңірдегі барлық ежелгі қала орындары, қорғандар, суландыру жүйелері, шеберханалар енеді.

Мұражайда бірнеше бөлімдер және кітапхана жұмыс істейді. 1993 ж. мұражай қарамағына 110 тарихи ескерткіш бекітіліп берілді, қорғау аймағы 11547 га болып ұлғайды. Қазіргі таңда Отырар қорық-мұражайынан 202 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге алынған. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалған мұражай экспозиция залының ресми ашылу рәсімі өтті.

www.otrarmuseum.kz

«Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби» мұражайы, Түркістан
Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби» МКҚК мұражайы 2011 жылдың 18 наурызында өз жұмысын бастаған болатын. 9 жыл уақыт ішінде музей көптеген маңызды жәрмеңкелер ұйымдастырды. Оның ішінде 2019 жылдың 19 сәуірінде «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейінде 40-қа жуық жәдігерлер көрсетілді. Бұлар «Арыстанбаб» кітапханасындағы кітаптар, әл-Фараби трактаттары, Отырарда қазба жұмыстары жүргізілген кездегі табылған жәдігерлер, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқтардың қалдықтары, ХІІ-ХІІІ ғасырға жататын тиындар көрсетілді. 2017 жылы «Музейлер шеруі – 2017» байқауында «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» музейі бірінші орынды иемденген болатын.
Әл-Фараби мұражайы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Әл-Фараби мұражайы 1991 жылдан бастап Қазақ ұлттық университеті атын лайықты иеленген ұлы ойшылдың мәдени мұрасына арналған. Мұражай 2013 жылдың 13 сәуірінде әл-Фараби кітапханасының жаңа ғимаратында өз есігін айқара ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы тұңғыш мұражай ретінде ҚазҰУ жанындағы әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе жұмыс істеп келеді.

Мұражай экспозициясы келесі тақырыптық бөлімдерге бөлінген: «Ежелгі Отырар – Тарих қазынасы. Әл-Фарабидің жастық шағы», «Ұлы Жібек жолында. Даналықты, әлемді танып білу жылдары. Таяу Шығыс елдерінде оқуы», «Әл-Фараби. Шығыс пен Батыс сұхбаты», «Әл-Фарабидің еңбектері-адамзаттың алтын мұрасы. Әл-Фараби мен түркі әлемінің ойшылдары», «Әл-Фарабидің рухани мұрасы және қазіргі Қазақстан».

Мұражай тұжырымдамасы бүкіл өмірін әлем үйлесімділігі мен адам бақытын іздеуге арнаған ғалым және философ әл-Фарабидің құндылық жүйесіне негізделген.

Әл-Фараби этнографиялық үй мұражайы, Стамбул (Түркия)
Әл-Фарабидің этнографиялық мұражай-үйінің ашылуы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналып отыр. Әл-Фараби музей-үйі – әлемнің туристік орталықтарының бірі – Ыстамбұл шаһарының дәл ортасындағы Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінде орналасқан. Мұнда мүсіндік композициялар, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және адамзат ілімінің бірнеше саласына орасан зор үлес қосқан ойшыл туралы материалдар көрініс тапқан. Музей-үйімен жақын танысу үшін көрермендерге арнайы қызықты экскурсиялық бағдарлама әзірленіп, ал, түрік оқушылары үшін мұражай базасында арнайы оқыту-танымдық курсы дайындалған.