AL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY

Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени модернизациясы ата-бабаларымыздан мұра болып қалған рухани дәстүрлерсіз табысты болмас еді. Әл-Фараби шығармашылығы адамзаттың кемелдік пен бақытқа деген батыл ұмтылысын көрсетті. Әл-Фарабидің қайырымды қаласының идеалдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Al-Farabi University Smart Sity» білім беру қызметін дамытудың ғылыми-инновациялық жобасын іске асыруға бағытталған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғ. Мұтановтың бастамасымен құрылған бұл жоба әл-Фарабидің қайырымды қаласы тұжырымдамасына негізделген.

«Al-Farabi University Smart City» инновациялық жобасы әмбебап рухани құндылықтарға және ғылыми-техникалық прогреске сүйене отырып әзірленді. Осы жобаның арқасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ екі негізгі құрамдас бөлік – технологиялық және рухани-адамгершілік платформалар бойынша бір мезгілде және үйлесімді жаңа формациядағы университет болып дамуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО қызметін басқару жүйесіне инфраструктурадан оқу үрдісіне дейін сандық технологияларды белсенді енгізуде. Елдің индустриялық-инновациялық даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін университетте “Hewlett-Packard”, “Cisco”, “KoniсaMinolta”, “Fujitsu”, “Samsung”, “Alcatel”, “Касперский зертханасы”, Microsoft, Intel, Huawei және т. б. халықаралық корпорациялардың ғылыми-білім беру орталықтары құрылған. Қазақстанда алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылым Академиясының аэроғарыштық ақпарат ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Жерді қашықтықтан зондтау орталығын ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 2017-2018 жылдары құрылған мектеп, кіші ғарыш аппараттары арқылы «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2” наноспутниктерінің жүзеге асырылғанын мақтан тұтады. Сонымен қатар университетте әл-Фараби философиясының үздік дәстүрлерінде жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.